«Қазақстан гематолог дәрігерлері қоғамы» РҚБ ұлттық аккредиттеуден өтті

«Қазақстан гематолог дәрігерлері қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі (Kazakhstan Society of Hematology, KSH) денсаулық сақтау саласында қызмет атқаратын кәсіби медициналық қауымдастық ретінде аккредиттеуден өтті.
Бұл нені білдіреді. Аккредиттелген кәсіби медициналық қауымдастық мәртебесі Қоғамның денсаулық сақтау жүйесіндегі ресми рөлін бекітеді. Атап айтқанда, аккредиттеу:
- «гематология» бейіні бойынша клиникалық хаттамаларды әзірлеуге, сараптауға және қайта қарауға қатысуға, сондай-ақ жекелеген нозологиялар бойынша жаңа хаттамаларды әзірлеуге бастамашылық жасауға;
- Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс топтары мен сараптамалық кеңестерінің жұмысына, сондай-ақ кәсіби стандарттарды қалыптастыруға және нормативтік құқықтық актілерді талқылауға қатысуға;
- үздіксіз кәсіби даму (ҮКД) кредиттері есептелетін білім беру іс-шараларын өткізуге;
- пациенттердің диагностика мен дәрілік препараттарға қолжетімділігін негіздеу кезінде Қоғамның сараптамалық қорытындыларының маңызын арттыруға (ТМККК/МӘМС, ұлттық дәрілік формуляр);
- медициналық көмектің сапасына тәуелсіз сараптама жүргізуге қатысуға және күрделі әрі даулы жағдайларда дәрігерлерге кәсіби қолдау көрсетуге;
- гематологиялық аурулардың ұлттық тіркелімін құру үшін институционалдық негіз қалыптастыруға;
- кәсіби қоғамдармен (EHA және т.б.) халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Пациенттер үшін бұл диагностика мен емдеу стандарттарын үздік халықаралық тәжірибеге одан әрі жақындатуды, ал мамандар үшін кәсіби сараптаманың күшеюін және олардың мүдделерін қорғау мүмкіндіктерінің артуын білдіреді.
Аккредиттеу Қоғамның институционалдық дамуының жаңа кезеңін ашады және 2027–2031 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарының іске қосылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Алғашқы кезектегі міндеттердің қатарында қолданылу мерзімі аяқталуға жақын клиникалық хаттамаларды қайта қарау, жекелеген нозологиялар бойынша бейінді жұмыс топтарын дамыту және гематологиялық аурулардың ұлттық тіркелімін құру бар.
Қоғам осы нәтижеге қол жеткізуге үлес қосқан барлық мүшелері мен серіктестеріне алғыс білдіреді.